Түркия мен Ресейді татуластырған – Қазақстан

11 Şubat 2017, 12:14

Анкара қаласында Халықаралық «Эко-Еуразия» экономикалық қатынастар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Астанадан Женеваға: Сирия бейбіт келіссөзі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға Қазақстанның Түр­кия­дағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Ә.Есенгелдиев, «Эко-Еуразия» қауымдас­тығының төр­ағасы Хикмет Ерен, Йылдырым Баязит университе­тінің профес­соры Салих Йылмаз, Халықаралық қатынастар және стратегиялық сараптама орта­лығының сарап­шысы Жан Үнвер, Түркияның белгілі саясаттанушы ғалымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда құттықтау сөз сөйлеген Қазақстанның Түр­киядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Әлімхан Есенгелдиев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа жолдаған арнайы Үндеуі туралы мәлімет беріп, «Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­даудың негізгі басым­дықтарын атап өтті.
Сондай-ақ Сирия мәселелерін реттеу жө­нінде Астанада өткен келіс­сөздерге қатысты Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі­нің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки тү­суіне мүдделілік танытатын­дығын жеткізіп, конференция қатысу­шыларына алғыс айтты.
«Эко-Еуразия» қауымдасты­ғының төрағасы Х.Ерен өз сөзінде Астананың әлемдік бейбіт­шіліктің орталығы мен нышанына айнал­ғанын, Сирия мәселесін реттеуге қатысты кепілдік берген Түркия, Ресей және Иран мем­лекеттері қатарында Қазақстан­ның қосқан үлесінің зор екенін атап өтті.
– Осы тұста Қазақ­станның Президенті Н.Назарбаев аз үлес қосқан жоқ. Сондықтан да Сирия ахуалын шешуді көздейтін келіс­сөздердің Астанада өтуі тосыннан емес. 2015 жылы Астанада же­келеген си­риялық оппозиялық топтар арасындағы келіссөздердің 2 кезеңі өткен болатын. Қазақстан тарапы си­риялық босқындардың бейнетін жеңілдету үшін 700 мың доллар­дан астам қаржы бөлді, таяуда азық-түлік түріндегі 500 тонна гумани­тарлық жүк жөнелтті. Астанада өткен келіссөздер барлық мүдделі тараптардың БҰҰ қамқор­лы­ғындағы женевалық үдеріс аясын­да сириялық дағ­дарысты оңтайлы шешуді қамтамасыз етті және Сириядағы бейбітшілік пен тұ­рақтылықты орнату ісіне ла­йықты үлесін қосты деп сенімді түрде айтуға болады, – деді Х.Ерен.
Жиынның бас баяндамашысы Йылдырым Баязит универси­тетінің профессоры С.Йылмаз 2017 жылдың 23-24 қаңтары аралы­ғында Астанада өткен келіс­сөз­дердің оңды нәтижеге қол жет­кізгендігін айтты.
– Астана ке­ліссөзі аяқтал­ғаннан кейін жа­салған мәлімдеме бойынша тараптар БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің қабылдаған шешіміне назар аударды. Бұдан кейінгі ке­ліссөз­дер осы шешімнің негі­зінде жалғасатын болады. Әрине, бұл жағдай саяси реттеуге жол аша­тындығы мәлім. Бұдан бұрын Сирияда оқ атпау туралы уағда­лас­тыққа келіп, саяси тұр­ғыдан ретке келтіру үшін таласқа түскен та­рап­тар шақырылған болатын. Бұл үдерісті БҰҰ ба­қылайтын­дығын жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде, Астана үдерісі өз мін­детін толық орындады. Не себеп­тен Астана? Неліктен басқа ба­тыс­тық мемлекет емес? Өйткені Ба­­тыстың кез кел­ген елі өз тұр­ғысы­нан таразы­лай­тындығы мә­лім, ал Астана – Батыс пен Шы­ғыс аймағының кіндігі. Екін­шіден, Қазақстан саяси-экономи­калық саласын ұдайы жаңартып, көп­векторлы бағдар ұстанып келеді. Бұған Қазақстан­ның Президенті Н.Назарбаевтың биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауы куә. Үшіншіден, Түркия мен Ресейді тату­ластырған бірден-бір мемлекет Қазақстан екені белгілі, – деп баяндады.
Халықаралық қатынастар және стратегиялық сараптама орталы­ғының сарапшысы Ж.Үнвер Қа­зақ­­станның ұстанған сыртқы саясатының бейбітшілік­ке не­гіздел­гендігін тілге тиік етіп, Ас­тана үдерісінің қазақ дипло­матия­сының жетістігі екендігін айтты.

Kaynak: https://aikyn.kz/2017/02/11/3609.html

YENİ HABERLER

YORUMLAR

Henüz hiç yorum yapılmamış.

YENİ HABERLER

Copyright © 2024. Rusen.Org | Ankara Türkiye